Астанада «Автокомпоненты KZ» зауыты жұмыс істейді - бұл арнайы және мамандандырылған техниканы өндіретін және жеткізетін қазақстандық кәсіпорын. Кәсіпорын 2025 жылғы қаңтар айында пайдалануға берілді. Өндірістік кешеннің жалпы аумағы 6 мың шаршы метрді құрайды, жобалық қуаттылығы - жылына 400 бірлікке дейін техника мен аспалы жабдық шығару.
Инвестициялық жоба Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы мен Астана қаласын дамыту орталығының қолдауымен, елорданың өнеркәсіптік базасын нығайту және отандық өндірісті дамытуға қолайлы жағдай жасау жөніндегі жүйелі жұмыс аясында жүзеге асырылды.
Компания Қазақстан нарығында 10 жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеп келеді және әртүрлі мақсаттағы техниканың сенімді жеткізушісі ретінде өзін танытты. Кәсіпорын автоцистерналар, әртүрлі сыйымдылықтағы және өнімділіктегі автожанармай құю көліктері, өрт сөндіру және авариялық-құтқару техникалары, коммуналдық және жол-құрылыс техникалары, күштік құрылымдарға арналған техника, тіркемелер мен жартылай тіркемелер, жолсыз жерлерге арналған көліктер мен қар-батпақ техникасы, сондай-ақ өздігінен жүретін машиналарды өндіреді.
Зауыт шетелдік компаниялармен серіктестік орнатып, халықаралық дистрибьютор ретінде қызмет атқарады, заманауи технологиялық шешімдер мен өндірістік стандарттарды енгізуде.
Әлеуметтік жауапкершілік пен жұмыспен қамту мәселелеріне ерекше көңіл бөлінеді. Кәсіпорынның дамуы әртүрлі біліктілік деңгейіндегі мамандар үшін жаңа жұмыс орындарын құруға ықпал етеді. Өндірістік процестерге мүмкіндігі шектеулі қызметкерлер тартылған, ал шикізат пен құрамдас бөлшектер негізінен отандық өндірушілерден сатып алынады, бұл жергілікті қамтуды арттырып, ұлттық өнеркәсіптің дамуын қолдайды.
Машина жасау саласындағы жобаларды қолдау - экономиканы әртараптандыруға, өндірістік әлеуетті кеңейтуге және Астананың тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуге бағытталған қаланың экономикалық саясатының маңызды бағыты болып қала береді.