Халықаралық AI & Digital Bridge 2026 форумы аясында шетелдік БАҚ өкілдеріне елорданың туристік және инвестициялық әлеуеті таныстырылды. Іс-шара шетелдік журналистерді Астананың негізгі даму бағыттарымен, туризм, инвестиция және халықаралық ынтымақтастық салаларындағы мүмкіндіктерімен таныстыру мақсатында ұйымдастырылды.
Іс-шараға Жапония, Оңтүстік Корея, Қытай, Франция, Түркия, Үндістан, БАӘ, Бельгия, Сербия, Пәкістан, Өзбекстан және басқа да елдердің жетекші БАҚ өкілдері қатысты. Олардың қатарында Money Today, Diplomatic World, The Paper, Economie Matin, Haber7.com, The Jordan Times, ANI, Sky News Arabia және басқа да халықаралық басылымдар бар.
Кездесу барысында «Astana Tourism» туризмді дамыту орталығының басқарма төрағасының орынбасары Олжас Ибраев елорданың туристік әлеуетін таныстырып, саланы дамытудың негізгі бағыттары мен шетелдік туристер үшін ұсынылатын мүмкіндіктер туралы айтып берді.
«Astana Invest» қалалық инвестицияларды дамыту орталығының басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ауэз Тынибеков мемлекеттік қолдаудың қолданыстағы шаралары, инвестициялық преференциялар, арнайы экономикалық аймақтарға қатысушылар үшін мүмкіндіктер, сондай-ақ инвестициялық жобаларды «бір терезе» қағидаты бойынша сүйемелдеу тетіктері туралы баяндады.
Астана даму Орталығы басқарма төрағасының орынбасары Ерлан Ержанов елорданы дамытудың перспективалары, халықаралық ынтымақтастық мүмкіндіктері және қаланың инвестициялық әлеуеті туралы айтып берді.
Іс-шара соңында сұрақ-жауап сессиясы өтті. Шетелдік БАҚ өкілдері Астананың дамуы, жүзеге асырылып жатқан жобалар және халықаралық ынтымақтастықты одан әрі дамыту перспективалары туралы мол ақпарат алды.