Инвесторларға ашық есік күні
28.02.2025 19:00:00
Астана Даму Орталығы инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелерін талқылау мақсатында әкімдік пен қалалық прокуратура бірлесіп ұйымдастырған Ашық есік күніне қатысты.
Іс-шараға Астана қаласы әкімінің орынбасары Евгений Глотов, елорда прокурорының орынбасары Булат Мизанбаев, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен бизнес қауымдастығының өкілдері қатысты.
Евгений Глотов 2024 жылы елордаға салынған инвестиция көлемі 1,9 трлн теңгеге (+13,1%) жеткенін, оның ішінде 1,3 трлн теңге – жеке инвестициялар екенін атап өтті. Әлеуметтік салада айтарлықтай өсім байқалады – 295 млрд теңге (жалпы көлемнің 16%-ы). Бұл көрсеткіштерге қол жеткізуде елорда әкімі Жеңіс Қасымбек төрағалық ететін Өңірлік инвестициялық штаб маңызды рөл атқарып, 300 млрд теңгеден асатын 54 инвестициялық жобаның іске қосылуына ықпал етті.
Астана Даму Орталығы қалалық бастамаларды жүзеге асыруға белсенді түрде жәрдемдесуде – талқыланған 15 жобаның 13-і орталық қатысуымен іске асырылуда.
Ашық диалог бизнес пен мемлекет арасындағы серіктестікті нығайтуға бағытталған маңызды қадамға айналып, елордада қолайлы инвестициялық климат қалыптастыруға үлес қосты.