Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауы
Негізгі бағыттар
Қазақстан халқына Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа тарихи кезеңдегі негізгі міндеттер мен ел дамуының стратегиялық бағыттарын айқындады.
Басты міндет – заманауи инфрақұрылымы мен халықтың өмір сүру деңгейі жоғары, технологиялық тұрғыдан дамыған, қуатты әрі бәсекеге қабілетті Қазақстан құру.
Инвестициялар және экономика
Қазақстан жаңа инвестициялық кезеңге көшуі тиіс. Мемлекеттік қаражат жеке капиталды тартуға кепілдік беретін тетікке айналуы қажет. Үкіметке банктерді, даму институттарын, халықаралық қаржы ұйымдарын және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорын (БЖЗҚ) тарта отырып, ұзақ мерзімді қаржыландыру көздерін жұмылдыру тапсырылды.
Капитал нарығын дамытуға және бірыңғай ұлттық қаржы экожүйесін қалыптастыруға ерекше назар аударылады. KASE, АХҚО және Alatau City өзара тығыз әріптестік орнатуы қажет.
Инвестициялық саясат пен инвесторлардың құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіру жұмыстары жалғасады. Алатау қаласында жалпы құқықтың ағылшындық моделіне негізделген инвестициялық сот құру жоспарланып отыр. Осыған байланысты заңнамалық түзетулер 2027 жылғы қаңтардың соңына дейін енгізілуі тиіс.
Инфрақұрылым және құрылыс
Еліміз азаматтық инфрақұрылымды ауқымды жаңғырту кезеңіне қадам басып отыр. Автомобиль және теміржолдарды, көпірлерді, инженерлік желілерді, энергетикалық нысандарды, мектептерді, ауруханаларды, спорт және мәдениет нысандарын салу әрі жаңғырту міндеті тұр.
Президент мемлекеттік инвестициялар жеке капиталды тартуға серпін беруі керектігін атап өтті. Ал инфрақұрылымдық жобалар жаңа өндірістерді іске қосуға және жұмыс орындарын ашуға ықпал етуі тиіс.
Шағын және орта бизнес
Шағын және орта бизнестің мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алуларға қатысуын кеңейту, сатып алулардың белгілі бір бөлігін шағын және орта бизнес субъектілеріне резервтеу, сондай-ақ жеткізушілерге қойылатын талаптарды жеңілдету ұсынылды.
Сонымен қатар бақылау-қадағалау жүйесін қайта жаңғырту және цифрлық реттеуге көшу құралы ретінде 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап бизнесті тексеруге үш жылдық мораторий енгізу мәселесін талқылау ұсынылды.
Президент экономикалық құқық бұзушылықтарды қылмыссыздандыру жұмыстарын жалғастыруды да тапсырды.
Цифрлық экономика және жасанды интеллект
Қазақстан қарапайым автоматтандырудан толыққанды цифрлық экономикаға көшуі қажет. Басым бағыттар қатарында жасанды интеллект, цифрлық платформалар, блокчейн, активтерді токенизациялау, цифрлық жұмыспен қамту және деректерді өңдеу орталықтарын (ДӨО) дамыту бар.
Стратегиялық мақсат – азаматтардың тұрғылықты жеріне қарамастан, жұмыс істеуіне, кәсіпкерлікпен айналысуына және капитал тартуына мүмкіндік беретін «халықтық цифрлық экономиканы» қалыптастыру.
Салық саясаты
Салық жүйесі бизнес үшін түсінікті әрі болжамды болуы керек. Президент жаңа Салық кодексінің нормаларындағы қайшылықтар мен екіұшты түсіндірулерді жоюды, сондай-ақ инвестиция тартуға және жұмыс орындарын ашуға кедергі келтіретін артық салықтық жүктемені азайтуды тапсырды.
Сонымен қатар ірі байлық иелері үшін жоғарылатылған салық мөлшерлемесін енгізу мәселесін талқылау ұсынылды.
Осылайша, ел дамуының жаңа кезеңі инфрақұрылымды ауқымды жаңғыртуды, жаңа инвестициялық циклді қалыптастыруды, логистика мен энергетиканы дамытуды, цифрлық трансформацияны, бизнесті қолдауды және ұзақ мерзімді экономикалық өсімге жағдай жасауды көздейді.
Басты бағдар – Әділетті, Қуатты, Таза және Прогрессивті Қазақстан құру және еліміздің болашақтағы орнықты дамуына берік негіз қалыптастыру.
Дереккөз: https://t.me/aqorda_resmi