16–17 маусымда Астанада «Орталық Азия – Қытай» екінші саммиті өтті, оның аясында Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинмен келіссөздер жүргізді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин жүргізген келіссөз нәтижесінде 24 үкіметаралық және ведомствоаралық құжатқа қол қойылды.
Екі ел делегациясының мүшелері энергетика, аэроғарыш, цифрландыру, кеден, ауыл шаруашылығы, электронды сауда, туризм, зияткерлік меншік, медицина, медиа, ғылым, өңіраралық байланыс салаларындағы ынтымақтастықты қамтитын құжаттармен алмасты.
Олардың ішінде инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау, техникалық-экономикалық ынтымақтастық туралы үкіметаралық келісімдер бар.
Екінші «Орталық Азия – Қытай» саммитінде ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов және Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев сөз сөйледі.
Форум қорытындысы бойынша мемлекет басшылары екінші «Орталық Азия – Қытай» саммитінің Астана декларациясына, сондай-ақ Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы, Түрікменстан Республикасы, Өзбекстан Республикасы және Қытай Халық Республикасы арасындағы мәңгі тату көршілік, достық пен ынтымақтастық туралы шартқа қол қойды.
Дереккөз: www.akorda.kz