BINOM мектебінде кәсіби бағдарлау экскурсиялары жобасының қорытынды кездесуі өтті
11.12.2024


2024 жылғы 11 желтоқсанда Қаныш Сәтбаев атындағы BINOM мектебінде «Кәсіби бағдарлау экскурсияларын ұйымдастыру және өткізу» жобасының қорытынды кездесуі өтті. Іс-шараға «Астана даму орталығы» ЖШС, Gvidon Tour туроператоры, сондай-ақ ModeX, Астана электротехникалық зауыты (АЭТЗ), Garbar Group зауыттары мен Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ және Мақсұт Нәрікбаев университетінің өкілдері қатысты.
Кездесуге BINOM мектебінің 9–11 сыныптарының 100 оқушысы қатысып, белсенді талқылауларға атсалысты. Кәсіпорындар мен жоғары оқу орындарының өкілдері өз презентацияларын ұсынды, болашақ мамандар үшін мүмкіндіктер мен кәсіби өсу перспективалары туралы айтып берді.
«Астана даму орталығы» ЖШС-ның Туризм және инфрақұрылымды дамыту департаментінің директоры Ольга Абельдинова жоба қорытындыларын шығарып, оқушыларды елорданың кәсіптері мен ұйымдарымен таныстыруға бағытталған жұмыс нәтижелерін ұсынды. Қатысушылар жоғары сынып оқушыларына кәсіби бағдар берудің маңыздылығын талқылап, ірі өндірістік кәсіпорындар мен білім беру мекемелеріндегі экскурсиялардың нәтижелерімен бөлісті.
2024 жылы жоба аясында 12 200-ден астам мектеп оқушылары мен колледждердің 1-курс студенттері кәсіби бағдарлау экскурсияларына қатысты. Жобаның негізгі мақсаты – балалар мен жасөспірімдер туризмін дамыту және оқушыларға болашақ мамандықтарын таңдауға қолдау көрсету.